Мамандығым — мақтанышым!
Бүгін — Дүниежүзілік отбасы дәрігерлері күні. Дәрігер көмегіне жүгінбейтіг отбасы болмайды, әр үйдің сүйікті дәрігері сыйлайтын ақ халатты абзал жаны болады.
Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханасына қарасты «Қызылжар» Дәрігерлік амбулаториясының жалпытәжірибелік дәрігері Индира Жұмабекқызы Балтабаева 2010 жылы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетін «емдеу ісі» мамандығы бойынша, ал 2011 жылы терапия бойынша интернатураны тәмамдаған. Мамандығын мақтаныш тұтатын Индира Жұмабекқызы бүгінгі төл мерекесінде өз ойымен бөлісті: «Мен дәрігер мамандығын таңдауыма ата-анам мен туған-туыстарым қатты әсер етті. Себебі, біздің отбасында медицина саласында ешкім қызмет атқармаған еді, ал ауырып-сырқаған жақындарыңа көмектескің келгенде, дәрігер мамандығының қаншалықты маңызды екенін түсінесің. Балалық арман алға жетелеп, медицина университетін таңдадым, оқуымды оқып, таңдаған мамандығымды игердім. Жолдасым әскери қызметкер болған соң артынан еріп, Алматы қаласында, Талдықорған мен Қапшағайда жұмыс істедім, кейін әріптестерімнен Есік қаласында мықты командадан жиналған ұжым барын естіп, 2015 жылы осында қызметке орналастым. Қанша жыл сәбиді аңсағанбыз, бағымыз ашылып, осында келген соң екі перзентіміз дүниеге келді, „дипломмен ауылға“ бағдарламасы арқылы баспаналы болдық және ең маңыздысы — өз орынымды тауып, сүйікті ісіммен айналысып, әр отбасына көмек беріп, жандарына шипа, дендеріне ем бере алатындығым. Біздің „Қызылжарда“ 4 мыңнан астам тұрғын тұрады, әріптестерімізбен әр отбасын және кімнің немен ауыратынын, қандай көмек керек екенін бес саусақтай білеміз. Бұл — тұрақты жұмыстың жемісі деп білемін. Қазір қосымша психология саласын игеріп жүрмін, себебі жұмыс барысында жанға дауа беретін жылы сөздің маңыздылығын білемін, әр отбасы мүшесіне, әсіресе жасөспірімдерге кеңес берер кезде өте тиянақты болу керек, жұмыс тәжірибесінде қазіргі кезде медицина психологиямен ұштасып жатқандығына көзім жетті. Алға қойған мақсатым мен арманым — отбасымда тек жақсылық болсын, балаларымыз үлгі тұтар ата-ана болу, сүйікті мамандығымды атқаруда жетістікке қол жеткізу. Жұмыстағы мақсатым — тұрғындарымыз ауырмайды емес, ауырады әрине, бірақ сол ауруды аусқындырмай дер кезінде тексеруден, скринингтен өтіп, өзінің басты байлығы — денсаулығын бағаласа екен деймін, себебі тек бірлесе атқарған жүк жеңіл болады, ал бірлесе аурудың алдын алсақ, халқымыз ұзақ өмір сүріп, әрқашан денсаулығы мықты болады». Еңбегін сүйіп, халқына қызмет еткен әріптесіміз Индира Жұмабекқызын және Еңбекшіқазақ ауданында әр отбасына кәсіби білікті жалпытәжірибелік көмек көрсетіп жүрген мықты мамандарымызды Дүниежүзілік отбасы дәрігерлері күнімен құттықтаймыз, еңбектеріңіз әрқашан жемісті әрі жеңісті болсын!